
Жем өзенімен Атырау облысындағы Жылыой ауданының аумағына су келе бастады. Судың қатты ағысы өзеннің жағалауындағы топырақты, бетон плиталарды құлатып жатыр.
Су арнасы Жылыой ауданындағы Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай, Тұрғызба ауылдары мен Құлсары қаласының маңынан ағып өтеді. Былтыр Жем өзеніндегі су деңгейі 3 метр 63 см-ге көтерілген еді. Су айдынындағы қауіпті деңгей – 3 метр 40 см.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, 28 наурызда Ақкиізтоғай ауылының маңында су деңгейі 2 метр 74 сантиметрге жеткен. Кейінгі екі тәулікте өзен арнасы 14 см көтерілген.
«Әзірге өзендегі су қауіпті деңгейге жете қойған жоқ. Бірақ түнгі уақытта ағыс қатты болады. Сол себептен Жем өзенінің бойындағы қауіпті 6 учаскеде бақылау орнатылды», дейді Қ.Нұртаев.
Бүгінде күндіз де, түнде де өзен жағалауына бөгет салынып жатыр. Оған Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының төтенше жағдайлар саласынан 100, Қорғаныс министрлігінен 150 адам, 255 техника тартылған. Жем өзенінің Жылыой ауданындағы арнасы 2,5 метрге тереңдетілген, ені 50 метрге кеңейтілген.
«Жем өзенінің Жылыой ауданындағы арнасы Ақкиізтоғай ауылдық округінің аумағынан бастау алады. Ақкиізтоғай ауылының тұсында су деңгейі әлі көтеріліп жатыр. Демек қауіп әлі сейілген жоқ. Соған байланысты өзеннің Тұрғызба ауылының тұсы тереңдетіліп, Каспий теңізіне баратын арнасы аршылып жатыр. Бұл – шамамен 50 шақырым. Басты мақсатымыз – Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласы мен елді мекендерді тасқын судан қорғап қалу. Жем өзенінің бойына Ақкиізтоғай, Тұрғызба ауылдары аралығына үш деңгейлі бөгет салынды. Оның ұзындығы 100 шақырымға жуық. Біріншісі Жем өзенінің түбін тереңдету кезінде алынған топырақпен төселді. Екіншісі бөгет республикалық маңызы бар «Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақтау» тас жолынан Ақкиізтоғай ауылына дейінгі 65 шақырым аумақта соғылып жатыр. Бөгеттің ені – 20, биіктігі – 6 метр. Жаңадан салынып жатқан бөгет әр 50 метр сайын нығыздалады. Қазір оның 78%-ы аяқталды. Былтырғы көктемде Құлсары қаласын тасқын судан қорғайтын бөгет салынған еді. Бұл – үшінші бөгет. Осы бөгет қайта нығайтылды. Биыл өзендегі тасқын су үш деңгейлі бөгеттен өтпейтініне сенімдіміз», дейді облыс әкімінің орынбасары.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың мәліметінше, былтырғы тамыз айында Жылыой тұсындағы Жем өзені мен Құрсай каналының, Қамыскөл, Соленое көлінің түбін тереңдету, бөгет салу басталған.
«Су айдындарының түбін тереңдету жұмысының бас мердігері ретінде «САП-ИН-ВЭСТ» ЖШС таңдалды. Жұмысты биылғы қарашада аяқтау жоспарланып отыр. Осы кезге дейін Жем өзенінің 50 шақырым арнасы толығымен тереңдетілді. Құрсай каналының 46,1 шақырымын тереңдету көзделген. Осы кезге дейін өзеннің Құлсары қаласына дейінгі бөлігі тереңдетіліп, жұмыстың 80%-ы орындалды. «Енді Құрсай өзенінің Құлсары қаласының аумағындағы бөлігін тереңдету қалып тұр. Соған байланысты Жем өзенінен Құрсайға құяр тұсы уақытша жабылды. Көктемгі тасқын су тек Жем өзені арқылы ағып жатыр. Су тасқыны кезеңі аяқталған соң Құрсай каналының Құлсары қаласындағы бөлігінің түбін тереңдету жалғасады. Өзеннің аталған каналға құятын тұсына су реттейтін үлкен шлюз орнатылады», деді Н.Құсайынов.
Өзен жағалауына таяу орналасқан ауылдардың тұрғындары су тасқынынан үрейленбегенімен, алаңдайтынын жасырмайды. Мәселен, Тұрғызба ауылының тұрғыны Қорабай Тайшыбаев күн сайын Жем өзенінің жағалауына келіп, су деңгейін бақылайды.
«Кейінгі күндері Жем өзенінің суы көбіктеніп жатыр. Бұрын мұндай өзгеріс байқалмайтын еді. Су деңгейі де көтеріліпті», дейді Қ.Тайшыбаев.
Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың дерегіне сүйенсек, 14 эвакуациялық пункт дайын тұр. Оған 2 мыңға жуық адам қабылданады. «Теңіз» кен орнындағы жатақханаларға да орналастыруға болады.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының ақпаратына қарағанда, Жем, Ойыл, Ноғайты өзендерінің жағалауына құм толтырылған 85,6 мың қап қойылған. Жағалаудағы бөгетті нығайту үшін 21 мың тонна инертті материал төселген.
Атырау облысы