• 20-06-2025

Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазақстандық 40 жылға жуық уақыттан кейін саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылды

Ақтөбе қаласының №3 соты 64 жастағы тұрғынның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысуына байланысты саяси қуғын-сүргін фактісін тану туралы талап арызын қанағаттандырды. 40 жылға жуық уақыттан кейін ол ресми түрде ақталды, деп хабарлайды skifnews.kz ақпарат порталы.

Жоғарғы сот өкілдерінің мәлімдеуінше, талапкер 1985 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің философия және экономика факультетіне оқуға түскен. Алайда бір жылдан кейін қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен оқудан шығарылған. Оның оқудан шығарылуына 1986 жылы 18 желтоқсанда Желтоқсан оқиғасына қатысты деген күдікпен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің айып тағусыз ұстап әкетуі себеп болған.

Кейін босатылғанымен студент партия қатарынан шығарылып, қуғын-сүргінге ұшырап, жұмысқа тұра алмаған. Сол университеттің философия факультетін бітірген оның әйелі де осындай себептермен жұмысқа орналаса алмай, түрлі кедергілерге тап болған.

Ерлі-зайыпты 1990-1993 жылдар аралығында үш кішкентай баласымен баспана жалдап тұруға мәжбүр болған және әлеуметтік жағдайы мәз болмаған.

Желтоқсан оқиғасынан кейін ондаған жыл өткен соң 2025 жылы 64 жастағы куәгер сотқа саяси қуғын-сүргін фактісін тану туралы талап қоюмен жүгінген. Сот істі зерттей келе, арызданушының шынымен де 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқанын және саяси қудалауға, оның ішінде еңбек құқықтарын шектеуге ұшырағанын анықтаған. Бұл мән-жайлар университет пен Алматы қалалық прокуратурасының архивтік анықтамаларымен, сондай-ақ куәлердің айғақтарымен расталған.

"Азаматтық процестік кодекстің 306-бабын және "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заңның 2-бабын басшылыққа ала отырып, сот талап қоюшыны 1986 жылғы оқиғаға байланысты саяси қуғын-сүргін құрбаны деп таныды", – деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.