
Семей қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасында 72 жастағы науқастың жүрек қақпақшаларын ауыстыру күрделі операциясы сәтті жасалды. Бүгінде жүрек қағысы, аяқ алысы оңалған емделуші дәрігерлерге дән риза.
«Біз аорта, митральды қақпақшаларды биологиялық протездермен алмастыру операциясын жасадық. Бұл – жүрек қақпақшаларының ақауларын емдеудің заманауи әрі тиімді әдістерінің бірі. Операциядан кейін емделуші өзін жақсы сезінеді, оңалту кезеңінен өтіп жатыр», деді ЖМЖА кардиохирургиялық қызметінің жетекшісі Дос Аманов.
Мамандардың айтуынша, биологиялық, механикалық протездерді таңдау науқастың жасына, өмір салтына, антикоагулянттарға қарсы көрсетілімдердің болуына байланысты жүргізіледі. Дұрыс күтім мен дәрігерлердің ұсынымдарын сақтау арқылы биологиялық қақпақша орнатылған науқастар толыққанды өмір сүре алады.
«Бұған дейін науқас ентігу, қан қысымының жоғарылауы, жалпы әлсіздік сияқты белгілерден зардап шеккен. Тексеру барысында жүрек қақпақшаларында айтарлықтай өзгерістер бары анықталды. Егер науқас дер кезінде келіп емделмесе, мұндай науқастардың өмір сүру ұзақтығы бес жылдан аспайды», дейді дәрігерлер.
Қазір елімізде жүрек-қан тамырлары ауруларының салдарынан жыл сайын мыңдаған адам көз жұмады. Статистикаға сүйенсек, жүрек қақпақшаларының ақауы әр 100 000 адамның 7-інде кездеседі. Мәселен, 2024 жылы Семей қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасында 100 кардиохирургиялық операция жасалған, оның онында жүрек қақпақшалары ауыстырылған. Мұндай жоғары технологиялық операциялардың құны 3 миллион теңгеден асады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған азаматтарға операция тегін жасалады.
Жүрек – адам өмірінің басты қозғаушы күші. Сондықтан оның саулығы уақтылы тексеріліп, қажетті ем-шаралар жүргізіліп отыруға тиіс. Семейлік дәрігерлердің тәжірибесі жүрек ауруларымен күресте медицинаның жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетіп отыр.
Абай облысы