• 01-04-2025

Өңір өндіріспен қуатты

Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысына жұмыс сапарымен барып, өңірде Президенттің өнеркәсіпті дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.

Үкімет басшысы «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС және «Қазақстанның вагон жасау компаниясы» ЖШС-да болып, кәсіпорын өкілдерімен кездесті. Онда Мемлекет басшысының өнеркәсіпті дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау және цифрлық шешімдерді енгізу жөніндегі тапсырмаларының іске асырылу барысы талқыланды.

Олжас Бектенов жұмысымен таныс­қан кәсіпорынның бірі «Бозшакөл» мыс кеніші жылына 30 млн тонна кен өңдейді. Өткен жылы 105 мың тонна мыс өндірілді, сонымен қатар мұнда мыс, алтын, күміс және концентраттағы мырыш өндіріледі. Дайын өнім Қытай, Түркия, Өзбекстан мен Бельгияға экс­порт­талады. Жұмысшы маман­дық­тары жылы аясында мұнда білікті кадр даярлауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл кәсіпорын ақылы тағылымдамадан өту үшін 200-ден астам студент тартуды жоспарлаған. Бүгінде компанияда 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Премьер-министрге өндірістік алаңдарда заманауи технологияларды енгізу, оның ішінде жасанды интеллект жүйелерін дамыту бо­йынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді. Толық диспетчерлеу кенді ұсақтаудан бастап концентрат шығаруға дейінгі барлық кезең­­ді қамтиды. Сондай-ақ карьер­лер­ді 3D модельдеу үшін өндіріс­тік үдерістерді модельдеу жүйелері мен дрондар қолданылады. Бұл жұмыстың дәлдігі мен тиімділігін едәуір жақсартады.

«Еліміз өңдеу саласына көшу керек, жоғары өңделген тауарлар өндіруді арттыру қажет. Мемлекет басшысы осындай міндет қойып отыр. Салық кодексінде жоғары өң­дел­ген тауарлар өндіретіндер са­лық­ты аз төлейтін қосымша жеңіл­­дік­­тер қа­рас­тырылған. Мұның бар­лығы өңдеу саласын ынталандыру үшін жаса­лып жатқан қадамдар. Яғни қара­жат өз елімізде қалады деген сөз. Қазір көптеген ел отандық ши­кі­зат өңдеуді дамытып жатыр. Ол өзі­міз­ге керек. Оның үстіне «Қазақ­мыс», «KAZ Minerals» сияқты ірі кәсіп­орындардың инвестиция салуға мүм­кіндігі бар», деп атап өтті О.Бектенов.

Премьер-министр Екібастұздағы «Қазақстанның вагон жасау компаниясы» ЖШС аумағында әмбебап жартылай жүк вагондарын, жабық вагондарды, вагон-платформаларды отандық өндірушінің ағымдағы өндірістік қуаттарымен, сондай-ақ жүк тасымалы көлемінің жыл сайынғы өсуін ескере отырып, көрсеткіштерді одан әрі арттыру жоспарларымен танысты.

«SMP Group» ЖШС бас директоры Ержан Қуанғанның айтуынша, кәсіпорын құрылғалы бері 9 мыңнан астам жартылай вагон, 26 платформа және 2 жабық вагон шығарған. Өндірістік қуаты айына 100-ден 240 вагонға дейін артты. Бүгінде 3 мың жартылай вагон жеткізуге жасалған келісімшарт мерзімінен бұрын орындалды. Шарт мамыр айында аяқталады деп жоспарланған. Көлік-логистикалық кешенді дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды.

«Еліміз транзит пен логистикада орасан зор әрі толық ашылмаған әлеуетке ие. Теміржол жүйесі вагондарды жаңартуды қажет етеді. Сондықтан біз кәсіпорындардың өндірісті кеңейту бастамаларын қолдаймыз», деп атап өткен Үкімет басшысы Көлік, Ұлттық экономика министрліктеріне, «ҚТЖ» мен «Бәйтерек» холдингіне кәсіп­орынды қолдау мәселелерін пысық­тауды, оның ішінде жартылай вагондар мен жабық вагондар­ды жеткізуге ұзақмерзімді оффтейк-келісімшарттарын жасасу мүмкін­дігін қарастыруды тапсырды.

Сонымен қатар Олжас Бектенов Екібастұзда ГРЭС-1-ді жаңғырту нәтижелерімен, таза көмір технологиясын пайдалана отырып, ГРЭС-2-ні реконструкциялау және ГРЭС-3 стансасы құрылысы жобаларын жүзеге асырудың басталуымен танысты. Мұнда экономиканың өсіп келе жатқан қажеттіліктері, жаңа өндіріс орындарын іске қосу және белсенді цифрландыру аясында саланы дамыту мәселелері бойынша республикалық кеңес өтті.

Болат Нұржанов атындағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2 құрамына кіретін Екібастұз энергия торабы нысандарының жалпы белгілен­ген қуаты 5 мың МВт-қа жетеді, бұл Екібастұзды электр энергиясын өндіруде стратегиялық маңызды орталыққа айналдырады. Жалпы, Павлодар облысы республикадағы электр энергиясының 40%-дан астамын өндіреді. ГРЭС-1-ді жаңғырту аясында өткен жылдың желтоқсан айында қуаты 540 МВт болатын №1 энергоблок қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. 2026–2028 жылдары отынмен қамтамасыз ету жүйелерін реконструкциялау және жаңа түтін мұржасын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ үдерістерді автоматтандыру, шығарындыларды бақылау және қандай да бір оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша баяндама жасалды.

Премьер-министрдің төрағалы­ғы­мен өткен энергетиканы дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте саланың негізгі бағыттары, оның ішінде жаңа қуат көздерін іске қосу, инфрақұрылымды жаңғырту, Батыс аймақтың электр желілерін еліміздің Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру, энергия тиімділігін арттыру және басқа да мәселелер қаралды.

Елімізде 227 электр стансасы жұ­мыс істейді. Станса жабдық­тары­ның орташа тозу деңгейі 56%-ға жетеді. Өткен жылдың қорытындысы бо­йынша электр энергиясын өндіру көлемі 4%-ға өсті. Жаңа қуат көз­дерін іске қосу қолданыстағы стансалар­ды жаңғырту және жаңа генерациялайтын қондырғылар салу есебі­нен болжануда. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуын­ша, өткен жылы 771 МВт жаңа қуат көзі, оның ішінде Екібастұз ГРЭС-1-дегі №1 блок қалпына келтірілген, Атырау ЖЭО-дағы №6 турбина, Жезқазған қаласындағы ЖЭО-да №8 қазандық ауыстырылған, сондай-ақ жалпы қуаты 163 МВт бала­малы энергетика жобалары іске қосыл­ған. Генерациялайтын қондыр­ғы­лар­­ды жаңғыртуға, кеңейтуге, реконструкциялауға және жаңарту бойынша жалпы қуаты шамамен 2 ГВт болатын 14 инвестициялық келі­сім жасалды. Биыл 621 МВт, 2026 жылы – 2,6 ГВт іске қосу жоспар­ланған. Экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін өтеу үшін 2029 жылға дейін 68 жоба жүзеге асырылады. Жалпы, 2035 жылға дейін жалпы қуаты 4,2 ГВт қолданыстағы стансаларды жаңғырту, реконструкциялау және кеңейту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Ақтөбе, Батыс, Сарыбай жүйеаралық электр желі­лері KEGOC филиалдарының 220-500 кВ әуе желісін реконструкция­лау жобасы аяқталды, оның шең­­бе­рінде нормативтік пайдалану мер­­зімі­не жеткен жалпы ұзындығы 2 мың ша­қырымды құрайтын қолда­ныс­­тағы 24 электр беру желісіне жөн­деу жүр­гізілді. Бұған қоса Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті жаңғырту жұ­мыс­тарының барысы туралы айтылды.

Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистрі Ерсайын Нағаспаев еліміз­дің ірі кәсіпорындарымен экономи­каның энергия сыйымдылығын және энергия тұтынуды төмен­дету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. «КарЦемент» кәсіпорнындағы сорғы жабдықтарын жаңғырту электр энергиясының үлестік шығынын 15,4%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Қазақстан электролиз зауыты элект­ролизерлер мен оқшауланған элек­тр қазандықтарын күрделі жөн­деуден өткізіп, электр энергиясын тұтынуды 4,5%-ға азайтты. Ақтөбе мыс ком­паниясы газ пор­шенді қон­дыр­ғылар жұмысын оңтай­ландыру және отын қоспасын беруді реттеу ар­­қылы электр энер­гиясының шығы­нын 2%-ға қысқартты. Сондай-ақ бюд­жет­тік сектордың энергия тұтынуы­на мо­ниторинг жүргізілуде. Цифр­лан­ды­ру шеңберінде Мемле­кеттік энер­ге­тикалық тізілім энергия үнем­деу са­ласындағы Бірыңғай ақпарат­тық жү­йеге трансформацияланып жатыр.

«Президент энергетиканы өзін-өзі қамтамасыз ететін әрі бәсекеге қабі­летті ел құрудың негізгі бағыт­тары­ның бірі ретінде атады. Бұл табысты цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу – оған тікелей тәуелді болатын жаңа әлемдегі тұрақты ілгерілеудің негізгі факторы. Бұл жерде Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізде орасан зор мүмкіндіктер бар. Сонымен қатар жоспарланған жобалардың уақтылы орындалмауы экономиканың дамуын тежейді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Біз белсенді түрде жұмыс істеуіміз керек. Бірқатар ірі жоба қазірдің өзінде электр қуатын қажет етіп отыр», деді О.Бектенов.

Кеңес соңында бірқатар тапсырма берілді. Атап айтқанда, биыл KEGOC Батыс аймақтың электр желі­лерін БЭЖ-бен біріктіру бо­йынша құрылыс-монтаждау жұмыс­тарын бастауы қажет, жұмыс 2027 жы­лы аяқталуға тиіс. Аталған жоба тұ­тыну­шыларды электрмен жаб­дық­тау сенімділігін арттырады. Премьер-министр көмір химия­­сы са­ла­сын дамытуға баса назар аударып, жоғары өңделген өнімдер өндіру үшін көмірді қайта өңдеу­дің ин­но­вациялық технологияларын бел­сенді пайдалануды тапсырды.