• 31-03-2025

Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі

Халқымыз көктем мезгілін қараөзек шақ «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы» деп сипаттайды.

Осы кезде көп адамда әлсіздік пен енжарлық пайда болады. Бұл неліктен?

Дәрігерлер мұны ағзадағы дәрумендердің азаюы деп түсіндіреді. Дәрумен жетіспеушілігінен адам тез шаршайды тіпті аурушаң болады.

Ал кез келген аурудың алдын алу және ағзаны қажетті дәрумендерге толтырудың бірден бір жолы дұрыс тамақтану дейді нутрициологтар. Бүгін нутрициологтар күні.

Денсаулықты нығайту және оны қалыпта ұстау жолындағы маңызды ілімнің бірі нутрициология. Осы салада 25 жылдық тәжірибесі бар Бағай Назарбайұлы өзі секілді кәсіби мамандарды даярлап, саланың қыр-сырын толық меңгерген. Ол ағзадағы дефициттерді толықтыру дұрыс тамақтану негізінде ғана іске асады дейді.

Бағай Назарбайұлы, Е. Дәленов атындағы профилактикалық медицина және ғылыми зерттеу институтының аға оқытушысы, нутрициолог:

- Көктемде макро- және микронутриенттердің тапшылығы болуы мүмкін. Сонымен бірге минерал азаюы мүмкін. Осыны біз толықтырып, теңсеп оытру керек. Бұл дұрыс тамақтану негізінде жүргізіледі. Макро нутриенттерде біз май, көмірсулар, ақуыздар осы үшеуі негізгі тамақ мәзірінде толық, күнделікті адам ағзасына қажетті нормада жеткілікті болып отыруы керек.

Яғни дәрігер осы уақытта сүт және ет өнімдерін көбірек ішіп, жеп, үнемі көкөніс тұтынуды әдетке айналдыруға кеңес береді.

Бағай Назарбайұлы, Е. Дәленов атындағы профилактикалық медицина және ғылыми зерттеу институтының аға оқытушысы, нутрициолог:

- Адам ағзасы уақытылы тамақ жемейтін болса, мысалы соның ішінде ас қорыту жүйесі, асқазанға толық, уақытылы тамақ барып тұрмаса, асқазан қышқылдық бөле бастайды. Бұл қышқылдық тотықтанады да, ас қорыту жүейсін бұзады. Міне, бұл аурудың бастамасы болып саналдады. Сол үшін уақытылы, дұрыс тамақтана білу керек.

Иә, тамақтану адам өмірінің негізгі қажеттіліктерінің бірі. Сондықтан халық қаншалықты дұрыс тамақтанады деген сұраққа жауап іздеп, шағын сауалнама жүргізіп те көрдік.

БЛИЦ

- Дұрыс тамақтану туралы, иә, білімім бар. Күніне өзім 5 рет тамақтанамын мен.

- Негізі 2 рет, 3 рет жетеді. Біз енді қазақтар шай ішіп аламыз кей уақытта, анда-санда уақытымыз болғанда, ал уақыт болмаса, онда ұмытып кетесің.

- Күніне 4 рет тамақтанамын. Газдалған сусын ішпеуге тырысамыз. Қыс мезгілінде көбіне етті тамақ, қамыр тамақтар жеуге тырысамыз.

- Күніне 3 рет тамақтану керек. Азанда, түскі ас және кешкі ас. Және уақытымен тамақтану керек. 90 процент аурудың бәрі сол тамақтан келеді.

Ас адамның арқауы деген де біздің халық. Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі. Нутрициологтар әсіресе осындай күн ұзара түскен уақытта өзек талдырмаған жөн дейді.

Мөлдір Молдағали, Бағдат Қайыркен