
Сыртқы көші-қон еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізуі үшін оны бақылап қана қоймай, осы үдерістің оң және теріс әсерлерін жүйелі түрде талдап, тиісті шешімдер қабылдап отыру қажет. Мәселен, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне қарағанда, былтыр Қазақстанға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдерінен және басқа шет мемлекеттерден келген азаматтар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар көбейе түскені алаңдатпай қоймайды.
Нақты айтсақ, былтыр ТМД-дан келген 1 783 адам қылмыс жасаған, яғни бұрнағы жылғымен салыстырғанда 2,3 пайыз көп. Сондай-ақ басқа шетелдерден келген 340 азаматтың жасаған қылмыстары әшкереленген немесе осы жөніндегі көрсеткіш 3,3 пайызға көбейген. Бұл ретте былтыр экстремистік немесе террористік ұйымдарға қатысы бар, ұйымдасқан қылмыстық топтарға жетекшілік ететін, кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмысқа барған, ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған, халықаралық шарттар негізінде басқа мемлекеттерге берілген адамдардың Қазақстанға кіруіне заң жүзінде тыйым салынды. Әйтсе де қалыптасқан жағдай көші-қон заңнамасын әлі де жетілдіре түсу қажеттігін аңғартады.
Біздіңше, шетелдік жұмыс күшін пайдалануға рұқсат беру жүйесін қайта қарау қажет. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын заңды тұлғалар үшін – шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны, жеке тұлғаларға үй шаруашылығында жұмыс істейтін еңбекші иммигранттарға арналған квотаны белгілейді. Өткен жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға еліміздегі жұмыскерлер санының 0,23 пайызы мөлшерінде немесе 22 мың адамға квота бөлінді. Ал еңбекші иммигранттарға бөлінген квота еліміздегі жұмыскерлер санының 3,1 пайызы немесе 271,3 мың адам болды. Бұл көрсеткіштер жылдан-жылға біртіндеп азайтылып келе жатыр. Бұрнағы жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға – республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,24 пайыз немесе 22,2 мың адамға, үй шаруашылықтарында жұмыс істеу үшін еңбекші иммигранттарға 3,2 пайыз немесе 296,7 мың адамға квота қарастырылған еді. Биылға арналған квота тиісінше 0,2 пайыз және 3 пайыз болып белгіленді.
Шынтуайтында, кәсіпорындардың шетелдік жұмыс күшін тартуға квота алу тәртібі оңай емес. Оған жұмыс берушілер жыл сайын 1 қазанға дейін жергілікті атқарушы органдарға шетелдік жұмыс күшіне қажеттілік туралы өтінім беруге тиіс. Оның үстіне сол кәсіпорында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының саны бірінші және екінші санаттарға жататын жұмыскерлердің – бірінші басшылар мен олардың орынбасарларының және құрылымдық бөлімшелер басшыларының тізімдік санының кемінде 70 пайызы, үшінші және төртінші санаттарға жататын жұмыскерлердің – мамандар мен білікті жұмысшылардың тізімдік санының кемінде 90 пайызы болған кезде ғана шетелдік жұмыс күшін шақыруға рұқсат беріледі. Бұған қоса кәсіпорындар Салық кодексіне сәйкес әр шетелдік жұмыскер үшін 90 күнге дейінгі мерзімге – 12 еселенген айлық есептік көрсеткіш (АЕК), 180 күнге – 24 АЕК, 270 күнге – 36 АЕК, 365 күнге 48 АЕК мөлшерінде салық төлеуге міндетті. Ал жеке тұлғалардың еңбекші иммигранттарды жұмысқа тарту тәртібі әлдеқайда жеңіл. Олардың әрқайсысы 5 шетелдікті үй шаруасына ешқандай шектеусіз қабылдай алады. Еңбекші иммигранттар өздеріне берілген рұқсат негізінде жеке тұлғаның қарамағында жұмыс істейтін әрбір ай үшін небәрі 2 АЕК мөлшерінде жеке табыс салығын алдын ала төлейді.
Шетелдік жұмыс күшін тартуда заңды тұлғалар мен жеке тұлғаларға қойылатын талаптардың арасындағы осындай елеулі айырмашылықтар көші-қон заңнамасын бұзуға негізгі себеп болып, сыбайлас жемқорлық тәуекелін де туғызып отыр. Өйткені кәсіпкерлердің ішінде өз кәсіпорындарына шетелдік жұмыс күшін тартудың күрделілігіне байланысты еңбекші иммигранттарды туыстарының атына тіркетіп, оларды, әсіресе құрылыс саласында пайдаланып жүргендер аз емес. Бас прокуратураның мәліметінше былтыр шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 1,2 мыңнан аса жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны – соның айғағы.
Шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесі заңнамалық тұрғыдан жеткілікті реттелмегені базбіреулердің оны көлденең табыс көзіне айналдыруына жол ашты. Мысалы, Қарағанды облыстық прокуратурасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жергілікті департаментімен бірлесе отырып, шетелдіктерге 700-ден аса уақытша тұруға рұқсатты заңсыз беруді ұйымдастырған қылмыстық топты анықтады. Оның құрамына кірген Халыққа қызмет көрсету орталықтарының, медициналық мекемелердің қызметкерлері және «көмектескіш» дейтіндер жалған еңбек шарттарын, медициналық анықтамаларды және тұрғынжайға тіркеуді жасап, өз «қызметтеріне» ақы алып отырған. Астана қаласындағы бір отбасы тұратын пәтерге 937 шетелдік тіркелгені де тегіннен-тегін емес.
Көші-қон саласындағы қазіргі жағдай кейде «қойды қасқырға бақтырғандай» әсер қалдырады. Мәселен, былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері Маңғыстау облысының Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары бір шетелдіктен ел аумағында емін-еркін жүріп-тұруы үшін 3 млн теңге пара алғанын әшкереледі. Сот үкімімен ол 3,5 жылға сотталып, арнаулы атағынан айрылды.
Демек, көші-қон заңнамасын өмірдегі шынайы жағдайға бейімдеу қажет. Ең алдымен, әрбір жеке тұлға үй шаруасына жалдайтын еңбекші иммигранттар санын 5-тен 2-ге дейін қысқартқан жөн. Сонымен қатар олар ай сайын төлейтін табыс салығын 2 АЕК-тен 4 АЕК-ке дейін көбейтіп, заңды тұлғалармен теңестіру қажет. Көші-қон саласында тәртіп орнату үшін басқа да пәрменді шараларды қолданатын кез жетті. Осы орайда жуырда Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай: «Көші-қон саласында әшкереленген әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар бұл бағыттағы жұмыстардың әлі де жеткіліксіз екенін көрсетеді. Шекара қызметі, құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы билік арасында бірлескен жүйелі жұмыстың жоқтығын да айғақтайды. Осыған орай, біріншіден, Еуропа елдеріндегідей біліктілігі жоқ жұмыс күшін әкелуге тыйым салмасақ та, шектеуді күшейтуді ұсынамыз. Екіншіден, заңсыз көші-қонның алдын алу үшін шекара бекеттерін күшейтіп, оларды жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, дактилоскопия, көз қарашығын сканерлеу арқылы мигранттардың ел ішіндегі қозғалысы мен геолокациясын біліп отыруды, сондай-ақ олардың кету күні, орны және бағыты туралы хабарлама алып тұруды, ақпараттық деректер базасын құруды қарастыру қажет. Үшіншіден, заңсыз көші-қон мен адам саудасын ұйымдастырушыларға, жалған құжат жасаушыларға барынша қатаң жазаларды қарастыру керек. Төртіншіден, ықтиярхат алу мақсатында қиылған жалған некелердің алдын алу үшін шетелдіктермен неке қию мен ажырасу фактілерін неғұрлым жіті тексерген жөн. Бесіншіден, көші-қон үдерістерін автоматтандыру бойынша мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін дамытып, қолда бар жүйелерді интеграциялайтын кез жетті. Алтыншыдан, мигранттар үшін ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының жеткіліксіз болуы оларды қылмыстық топтардың құрбаны етіп қана қоймай, көші-қон қызметі қызметкерлерінің жұмысын айтарлықтай қиындатады. Осы бағытта үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, жүйелі жұмысты қолға алу қажет», деді. Естір құлақ болса, ескеруге лайық ұсыныстар екені анық.