• 31-03-2025

Азаматтық қоғам негізі – дала демократиясы...

Азаматтық қоғам – саяси үкіметке тәуелсіз жұмыс істейтін және оған ықпал жасауға қабілетті әлеуметтік қатынастар мен институттар жиынтығы, жеке адамдар мен әлеуметтік субъектілер қауымдастығы. Сондықтан, қоғамдық мәні бар идеялар туралы айтқанда, біз сұхбаттасушы жақтардың түрлі көзқарастарын және маңызды тепе-теңдігін сақтаймыз: ешкім ешкімге өз түсінігін мойындатуды да, өзгені дәлме-дәл қайталауды мақсат етпейді.

Дегенмен әлемдік әлеуметтік-философиялық ғылымда бұл феноменді зерттеудің екі түрлі бабы бар: біріншісі, азаматтық қоғамды әлеуметтік әмбебап категория ретінде қарастыру. О жағдайда бұл ұғымға қоғамдық қарым-қатынастардың бүкіл жиынтығын сыйғызады. Екіншісі, азаматтық қоғам ұғымына «батыстық феномен» ретінде қарап, оны нарықтық- демократиялық қатынастардың қалыптасуымен байланыстырады.

Негізі, «азаматтық қоғам» жеке тұлғасының еркіндігі мен қоғамдық ұйымдардың белсенділігінің көрсеткіші. Әрбір жеке адам не тұлға қоғамдасу арқылы ғана социумның даму бағытына әсерін тигізе алады. Сондықтан да азаматтық қоғамда мемлекет пен азамат арасындағы тең дәрежедегі диалог жүзеге асады. Шындығында әлеуметтік біртұтастықты қалыптастыратын осы екі бөлік бірін-бірі толықтыра отырып өмір сүреді.

Мемлекетсіз азаматтық қоғам жоқ. Қоғам мемлекетік негізін нығайтпаса, онда қоғамда ретсіздік, төртіпсіздік, хаос, ыдырау басталуы мүмкін. Сонымен қатар, керісінше, дамымаған азаматтық қоғамсыз демократиялық, құқықтық мемлекет те құру мүмкін емес. Ол жағдайда мемлекетте басыбайлық пен тирания ғана болады.

Қoғaм мүдделерiне бағытталған азаматтық бастамалар ‑ азаматтық қoғaмның маңызды белгiсi. Сондықтан, халықтың белсенділігі маңызды саналатын демократиялық мемлекеттерді біз «өркендеген азаматтық қoғaм» деп атаймыз. Ал, авторитарлық, не дамушы, әлде, «өтпелi экономика» мемлекеттерiнде жағдай басқаша. Бұл елдерде азаматтық бастамаларға күдікпен қарау басым.

Ендеше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бізге де «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек». Себебі азаматтық қоғамның белсенді болуы адам капиталын, әлеуметтік-экономикалық дамуды, демократиялық құндылықтарды ел игілігіне айналдырудың негізгі алғышарттарының бірі.

Ол үшін, ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатты ұлтқа айналсақ – мықты мемлекет те бола аламыз.

1. Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек.

2. Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу, тілімізді мемлекеттегі басты коммуникациялық құралға айналдыру ‑ мемлекеттік саясаттың басты бағытына айналуы тиіс. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным.

3. Ақпараттық технологияның пайдалы жағы мен зиянды жағын ажыата алатындай білімге ие болуға ұмтылайық. Интернеттен сақ болған жөн. Оны талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Өкінішке қарай, балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке байлана бастаған.

4. Біз жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кері кетті. «Оптимизация» деп миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Осы жағдайды түзеу үшін енді қарқынды әрі батыл әрекеттерге бару керекпіз.

Біз болашаққа төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап баруымыз қажет. Ұлттық тарихты дәріптеуіміз қажет. Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жалпы, елімізді демократиялық ел ретінде таныту үшін «Алтын Орда брендін» жан-жақты және кеңінен пайдалансақ ‑ ұтылмаймыз.

Мұхтархан Абаған,

«Қазақ әлемі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті