Арал теңізінің табанына агродронмен сексеуіл тұқымы себіліп жатыр
Арал теңізінің тартылып қалған ұлтанына алғаш рет агродронның көмегімен сексеуіл тұқымын себу жұмыстары басталды, ...
Қазақстан он жылдың ішінде бидайды терең өңдеп, дайын өнім өндіретін және оны әлемдік нарыққа шығаратын ең үздік он елдің қатарына қосылуы тиіс.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде осындай міндет қойды. Оны орындауға елдің астықты өңірлері қаншалықты дайын? Шаруалар бидайды отандық өндіріс орындарына тапсыруға құлықты ма?
Былтыр Қостанай өңірінде астық түсімі жағынан Сарыкөл ауданы бәрінен асып түсті. Облыс бойынша орташа есеппен гектарынан 13 центнерден жиналса, сарыкөлдік диқандар 19,4 центнерден өнім алды. «Сол мол ырысты шаруалар қайда, қалай өткізді» деген сұрақ көкейге оралды.
Талғат Мұқанов, Сарыкөл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Бүгінде астықтың басым бөлігі экспортқа жіберіліп жатыр. Шамамен 65 проценті шет елдерге сатылады. Тек 18-20 проценті өзімізде өңделеді. Бидайдың бір тоннасын өңдеудің өзіндік құны, шикізат түрінде өткізгеннен төмен. Сондықтан көбісі өңдеумен айналысуды тиімсіз санайды.
Әзірге бізде бидайдан тек ұн өндіріледі. Сарыкөл ауылындағы диірмен кешені тәулігіне екі вагон ұн шығарады екен. Сұраныс болса, одан көбейтуге қауқары бар.
Сергей Пасенков, диірмен кешенінің басшысы:
- Біздің өнімнің 97 проценті экспортқа жіберіледі. Өйткені ішкі нарықта ұн жеткілікті. Өзіміздің наубайханалар шамалап алады. Негізгі тұтынушымыз Ауғаныстан. Ал кебектің 70 проценті Қазақстанда қалса, қалғанын шетелге сатамыз.
Ұн экспорты бойынша Қостанай елімізде көш бастап тұр. Сыртқа сатылатын өнімнің 43 проценті Тобыл-Торғай өңіріне тиесілі. Соңғы екі айда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда экспорт 17 процентке артқан. Алайда тоқмейілсуге негіз жоқ. Темір жол тарифінің қымбаттауы, Ауғаныстан нарығын Өзбекстанның жаулай бастағандығы отандық ұн өндірушілердің көңілін күпті етіп отыр. Сондықтан бір ғана ұнға иек артпай, Президент айтқандай астықты терең өңдеуге ден қою керек-дейді сала мамандары.
Жанар Балтабаева, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
- Соңғы жылдары облыста ауыл шараушылығы өнімдерін өңдеуге қатысты 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның ішіндегі ең ірісі бұршақ дақылдарын қайта өңдеу фабрикасы. Ал болашақта Қостанайда бидайды терең өңдеу зауытын салу жоспарда бар. Онда глютен, крахмал, биоэтанол және лизин сияқты бірегей өнімдер шығарылады.
Осы жоба жүзеге асқанда жылына 2 миллион тонна бидай өзімізде өңделетін болады. Бұл жалпы облыста жиналатын астықтың үштен бір бөлігі.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг