• 30-03-2025

Әлемде балалардың интернеттегі жеке мәліметін заң қорғайды

Әлем бойынша отбасылардың шамамен 90%-і интернет балалар үшін қауіпті деп санайды. Бұл британиялық Ofcom агенттігінің мәліметі. Ата-аналардың ойынша, көп жағдайда қауіп бөтен адамдардың танысуға ұмтылуы, жеке мәліметтердің қолды болуы және кибербуллингтен туындайды. Осыған байланысты әлем елдері жас қолданушыларды қатерлі онлайн алаңдардан қорғау үшін түрлі заң-ереже енгізген.

АҚШ-та «Балалардың интернеттегі құпиялығын қорғау туралы» заң 2000 жылы қабылданған. Ол жасы 13-ке толмаған балалардың жеке мәліметін жинауды реттейді және web-сайттар мен онлайн-сервистерді балалардың ақпаратын пайдаланбас бұрын ата-анасының келісімін алуды міндеттейді. Кері жағдайда қамқоршылар баласының дербес дерегін алдырып тастауға құқылы. Заңбұзушылық үшін 16 мыңнан 43 мың долларға дейін айыппұл қарастырылған. Ірі компанияларға жаза көлемі бұдан анағұрлым жоғары болуы мүмкін. Аталған заңның сақталуын АҚШ-тың Федералдық сауда комиссиясы қадағалайды. Ол бақылап қана қоймай, сондай-ақ ресурстар мен ұсынымдар береді.

Францияда 2015 жылдан бері «Жасы кәмелетке толмағандарға порнографиялық бейнелерді насихаттайтын және тарататын сайттарды бұғаттау туралы» заң жұмыс істейді. Ал былтырдан бері ата-аналарға балаларының келісімінсіз әлеуметтік желілерде фото жариялауға тыйым салынды. Заңды бұзған жағдайда 45 мың еуроға дейін айыппұл қарастырылған. Британиялық Nominet компаниясының зерттеуі бойынша туған-туыстары бала 13 жасқа толғанға дейін оның фотосы мен видеосын интернетке орташа алғанда 1300 рет шығарады екен. Француз депутаттары мұның салдары ауыр болады деп қауіптенеді. Өйткені фото-видеоны арам пиғылды адамдар пайдалануы мүмкін.

Ұлыбританияда 5 жыл бұрын «Онлайн-сервистердің балаларға қатысты міндеттерінің кодексі» қабылданған. Ол бойынша TikTok, YouTube, Instagram және Snapchat сияқты балалар арасында аса танымал интернет ресурстарға шектеу қойылған. Яғни зиянды деп танылған пікірлер, фото-видеолар бұғатталады және өшіріледі. Заң талабын бұзғандарға жылдық табыстың 4%-не дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Аталған кодекс цирфлық сервистерді пайдаланатын балалардың құқығын қорғауды және оқу мен дамуы үшін қолайлы орта қалыптастыруды көздейді.

Авторлары: Ернат Рахметолла, Сандуғаш Байғуаныш