
Ежелден жеткен рухани жәдігерлер – бірегей мол қазынамыз. Оларды жаңа уақыт талабымен қайта жаңғырту кезек күттірмейтін дүние. Өткенді сараламай, болашақты болжай алмайтынымыз талассыз ақиқат.
Елордада Мұсылман ақсақалдар кеңесі – Орталық Азия кеңсесінің ұйымдастыруымен, Парламент Сенатының қолдауымен «Құснихат: Орталық Азиядағы ислам каллиграфиясы» атты көрме ашылып, алқалы жиын болып өтті. Көрмеге графикалық жазу өнері шеберлерінің 30-ға жуық туындысы қойылған. Оның ішінде куфи Құран нұсқасы мен Мұхаммед пайғамбардың Византия императоры мен Бахрейн короліне жазған хаттарының көшірмелері, Орталық Азиядағы көне куфи жазулардың үлгілері, имам Бұхаридің сиясауыты, «Омар ибн Хаттабтың қаны тамған» Құран кітабының көшірмесі бар. Сонымен қатар Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген қылқалам шеберлерінің құснихат жазулары көрерменге кеңінен таныстырылды. Іс-шараға исламтанушы мамандар мен ғалымдар, Сенат және Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысып, жан-жақты ойларын ортаға салды.
Жиында сөз алған Сенат депутаты, академик Дархан Қыдырәлі құснихат өнері туралы айтып өтті.
– Орталық Азияда ренессанс дәуірін бастан өткерген ислам өркениетінің өзегінде көркем ниет бар. Ал көркем ниет көркем сөз бен көркем жазу арқылы жұртқа жетеді. Құранмен бірге басталған көркем жазу осы құснихат өнерін Қарахан, Шағатай, Алтын Орда дәуірінде биік талғам мен терең таным арқылы дамыта түсті. Сондықтан құснихат біздің ортақ рухани мұрамыз ғана емес, тасқа қашалған, хатқа түскен тарихи жәдігеріміз, ұлттық жадымыз, эстетикалық һәм этикалық құндылығымыз, – деді Дархан Қуандықұлы.
Сонымен бірге Қ.А.Ясауи мұрасын ұзақ жылдардан бері зерттеген белгілі ғалым, түркиялық профессор Метин Акар Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесінің сыртқы жазуларының жұмбақ сыры туралы баян етті. Жұрт ою деп ұғатын өрнектердің көркем жазу екенін анықтаған ғалым, оларды оқып, арнайы кітап жазған. Профессор Метин мырза кесенедегі кейбір жазулардың реставрация барысында бүлінгенін, өшіп қалған жазуларды қалпына келтіргенін нақты дәлелдер арқылы баяндап берді. Сонымен бірге өзбекстандық белгілі құснихат шебері Хабиболла Салиев Ташкентте сақталып тұрған Осман халифтің Құран нұсқасы, куфалық мұсхаф және Орталық Азиядағы көне жазулардың ерекшеліктері туралы жан-жақты айтып өтті.
– Бүгін сіздермен бірге тағылымы мол көрмені қарап шықтық. Бұл көрмеден біз үш түрлі құндылық аламыз. Біріншіден, рухани құндылық. Көрме рухани қазынаға өте бай, тылсым тереңіне тартады, қанша заманнан бері құндылығын жоғалтпаған дүниелер. Екіншіден, ғылыми құндылық алып отырмыз, мұның бәрі ежелден келе жатқан ғылыммен тікелей байланысты. Үшіншіден, эстетикалық құндылықтар. Жазуға қарасаңыз көз тояды, бір қарасаңыз өрнек сияқты, бір қарасаңыз түбірлі жазуға ұқсайды. Осының бәрі түптеп келгенде біздің мәдениетімізді байытады. Біз бұл бастаманы қолдап, қуаттауымыз керек, – деді Президент кеңесшісі, академик Бауыржан Омарұлы.
Айта кетейік, шара барысында Ұлттық архив ғимаратында, арнайы шақырылған мамандар мен шеберлердің қатысуымен байырғы және заманауи құснихат үлгілері туралы шеберлік сағаттар өткізу жоспарланған.