• 31-03-2025

Алтай мен Сауыр баурайында әуежай құрылысы басталды

Былтыр Шығыста Бұқтырма су қоймасына көпір салынып, халықтың елу жылдан бергі арманы орындалған. Енді, міне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті тапсырмасымен Катонқарағай мен Зайсанда халықаралық әуежай құрылысы бас­талды. Күні кеше Көлік министрі Марат Қарабаев Шығысқа жұмыс сапарымен келіп, құрылыс жұмыстарымен танысты.

Бұл жұмыс Мемлекет басшысы­ның Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында 3 жаңа әуежай салу тапсырмасы ая­сында жүргізіліп жатыр. Марат Қарабаев Зайсан мен Катон­қарағай аудандарындағы жаңа әуе­жай құрылысының басталуын көрді. Әуелі Зайсанға ат шалдыр­ған министр қаладан 25 шақырым жердегі Сәтбай ауылына бағыт алған. Әуежай осы маңдағы бұрынғы әскери әуеайлақ базасында салынады. 184,5 гектар жерді алып жатқан аумақ географиялық және метеолорогиялық жағдайды, сондай-ақ логистикалық қолжетімділікті ескере отырып таңдалған.

Алаңның қақ ортасына ұзын­дығы 2 200 метр болатын ұшу-қону жолағы салынады. Жолақты кеңейту мүмкіндігі де бар. Мамандар пікірінше, әуежай «Bombardier Q400», «ATR-72» және басқа да ұқсас типтегі заманауи әуе кемелерін қабылдауға қауқарлы болады. Қазір отандық әуе компаниясы «ATR-72» ұшақтарын сатып алу мәселесін пысықтап жатыр. Сонымен қатар жоба аясында 4 әуе кемесіне арналған перрон, сағатына 150 жолаушыға дейін өткізу қабілеті бар 4 000 шаршы метрлік заманауи аэровокзал, командалық-диспетчерлік пункт, апаттық-құтқару қызметі, метеостанса және радионавигациялық жабдықтар қарастырылған.

– Әуежай құрылысы аяқталып, нысан қолданысқа берілген соң Қытай­дағы Үрімші, Алтай және Қанас­қа халықаралық бағыттар ашу жоспарланған. Астана, Алматы және Өскеменге қатынайтын ішкі бағыт­тар тұрақты әуе байланысын қам­тамасыз етеді. Бұл бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, ел тұр­ғын­дарының жүріп-тұруын жақсарта түспек, – деді Марат Қарабаев.

Қазір Зайсанға жыл сайын шамамен 23 мың турист келеді. Әуежай іске қосылып, инфрақұрылым да­мы­ғанда көрсеткіш 136 мың туристке дейін өседі деп күтіледі. Ми­нистр әуежай құрылысы еліміздің ло­гис­тикалық әлеуетін дамытуға сер­пін беретінін айтты. Сәтбай ауы­лы ма­ңында жаңа әуежай салу және Қалбатау – Майқапшағай күре жолының реконструкциясын аяқтау жұмыстары Зайсан қаласында арнайы ірі логистикалық хаб ашуға мүмкіндік береді. Министрдің айтуынша, қазір бұл мәселе Ресей мен Қытайдағы әріптестермен пысықталып жатыр.

Сондай-ақ Тұғыл ауылында өзен порты салынады. Бастапқы кезеңде жүктер портқа автокөлікпен тасымалданады. Одан әрі Ресейге қарай өзен арқылы кеме қатынасы орнатылады. Жүктердің бастапқы көлемі 2 млн тонна болса, уақыт өте келе көр­сеткіш 10 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін.

Қазір қытайлық әріптестері­мен «Тұғыл» портын теміржолмен байланыстыратын және Ресейдегі Обь өзеніне құятын, одан әрі Солтүс­тік теңізге шығатын Қытай – Қазақстан – Ресей мультимодальды логис­тика­лық маршрутын құруға бағыт­тал­ған төртінші теміржол өткелі пунктін салу талқыланып жатыр. Бұған қоса, биыл мамандар Шығыс Қазақстан өңіріндегі бар­лық 5 теміржол вокзалын (Өскемен-1, Алтай, Күмістау, Риддер, Шемо­наиха) жөндейді. Ал Зайсан мен Катонқарағайда құры­лы­сы басталған қос әуежай жыл со­ңын­да аяқталып, келесі туристік мау­сым­да ұшақтарды қабылдай бастайды.

Құрылыс жүргізілетін аумақ басшысы Юрий Чановтың айтуынша, Зайсан әуежайында 24 техника жұмысқа кіріскен.

– Отыз адам жұмысқа тартылып, құ­ры­лысшылар қалашығы салына бас­тады. Техника ұшу-қону алаңын­да қазу жұмыстарына кірісті. Ұшу жола­ғында тереңдігі екі метр­дей шұңқыр қазылып, қажетті материал­дар­мен толтырылады. Жұмыс ойдағыдай жүріп кетсе, белгілен­ген мерзімде аяқталады, яғни осы жылдың қазан айында тапсырамыз, – дейді ол.

Айтқандай, Катонқарағай ауданын­дағы әуежай жобасы да дәл осындай. Жұмыстың барлығын отан­дық мамандар атқарады. Құрылысқа 200-ге жуық адам жұмылдырылмақ. Жобадағы суреттерге көз салсақ, әуежай вокзалы сәулетті әрі ықшам болатын сияқты. Бұған қос ауданның халқы да ерекше қуанып жүр. Катон­қарағай ауданында болған министр Марат Қарабаев нысанды ерекше ба­қылауда ұстайтынын айтты. Айта кетейік, бұл өңірде әуежай Өр­нек ауы­лының тұсына салынады. Ар­найы мамандар таулы жердегі ең қо­лайлы жер осы деп тапқан. Өз сө­зін­де министр қары қалың Алтайдың аясына ұшақтың қыс мезгілінде де қона алуға тиіс екенін ескертті.

– Катонқарағай облыс орталы­ғынан алыс жатыр. Дегенмен мұндай нысан халықтың жүріп-тұруы үшін өте қажет. Оның үстіне, туристер де ағылады. Былтыр ауданға 11 мың турист келді десек, әуежай құрылысы аяқталған соң бұл көрсеткіш еселене түсері анық. Ауданнан көшіп кеткендер қайтып келулері де мүмкін. Бір сөзбен айтсақ, тұрғындар саны да артады, – дейді Катонқарағай ауда­нының ақсақалы Жәнібек Қызыр.

Қос ауданға салынатын әр әуежай­дың құны 30 млрд теңгеге есептеліп отыр. Президент назарын­дағы бұл нысандарға қаржы уақтылы бөлініп, жұмыстар жүйелі жүргізілсе, келер жылы Сауыр мен Алтайдың баурайына ұшақтар қонып, мәре-сәре болып жатармыз.

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан – Катонқарағай